Читать онлайн
Қиял Әлемі. Ертегілер

Нет отзывов
Қиял Әлемі
Ертегілер

Рустем Серікұлы Сауытбай

Редактор Малике Абитаевна Шағырбаева


© Рустем Серікұлы Сауытбай, 2018


ISBN 978-5-4490-1423-8

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

ТОҚАШ ЖЕГЕН ТОҚАШАЙ

Сарқан тоғайындағы Байыр деген жотаның басында, тышқандар отбасында Тоқашай деген қыз тышқан дүниеге келіпті. Әжесі тоқаш пісіріп жатқан кезде туғандықтан есімін Тоқашай деп қойған екен. Оның көздері бақырайған, құлақтары салбыраған болса да өте сүйкімді болыпты.

Тышқан әке-шешелері оны өте жақсы көреді екен. Ол тоқаш жегенді қатты ұнататын. Өсе келе өзі сондай батыл және əуесқой болады. Әке-шешесін:

– Ай неліктен домалақ? Сиыр қалайша көк шөп жеп, ақ сүт береді? Аспандағы жұлдызды алып берші, – деп мазалай берді.

– Мынау не? Ол қалай? Неге? – деген сұрақтарды көп қоятын. Әкесі тіпті кейбір сұрақтарына жауап таба алмай, сасқалақтап қалады екен.

– Қызым, біз түгіл адамдардың өзі сиырдан қалай ақ сүттің шығатынын білмейді, – деп əкесі, шашы болмаса да, басын қасып қалады екен. Әке-шешесі ерінбей, барлық сұраған нәрселерін түсіндіретін.

Тоқашайдың өзі қып-қызыл, құйрығы жалбыраған Рүшен деген тиін досы болады, Тоқашай оған әрқашан «мен сұрмын, сен неге қызылсың?» деп тиіседі екен. Екеуі бір-бірлерінің құйрықтарын тартып ойнайды екен. Рүшен екеуі бұтақтан қайық құрастырып, арықтағы ағып жатқан сумен саяхатқа шығатын. Бірақ алысқа бармайды екен, өйткені жақын жерде екі аяқтылар, яғни адамдар тұрады.

Көк шығып, гүлдер гүлдеген уақытта Тоқашай мен Рүшен екеуі тоқаш жеп жатады.

– Алақай! Бүгін түнде тосын сый болады, – дейді Рүшен.

– Қайдағы сыйлық? Кім әкеледі? – деп таңдана сұрайды.

– Тоқашай білмейсің бе, осы айдың жиырма бірінде аспаннан әр жануарға сыйлық түседі. Итке – сүйек, сиырға – шөп, құстарға – бидай, маймылдарға – банан, тышқандарға – бидай сияқты, – деп Рүшен көкірегін көтеріп қояды.