Бұл шығармамды бала кезімнен сүйіп оқыған
қазақтың қайталанбас хас жазушысы
Бердібек Соқпақбаевтың рухына бағыштаймын
Қадірлі оқырман!
Сіз оқығалы отырған хиқаят – менің балалық шағым туралы баян.
Бұндағы оқиғалар қиялымнан туған қанатқақты дүниелер емес, осы жердің бетінде, осы елде менің шақшадай ғана басымнан өткен шырылдақ тағдыр.
Бұл шығарманы жазудағы мақсатым – екеу.
Біріншісі – мына ұланғайыр Отанымыздың бір түкпірінде менімен тағдырлас бала болса, осы хиқаятты оқысын. Балалық шағының әр күні ауыр өтіп жатса, бұл күйзеліске толы күндердің өтетінін білсін. Алда оны тек сәулелі, шуақты күндер күтетінін ұғынсын. Ол болашақта жеңімпаз болатынына, өз тағдырының қожасы болатынына шүбәсі болмасын деп жаздым.
Екіншіден, бұл хиқаятты жетім баланы бауырына басып, тәрбиелеп отырған үлкендерге арнадым: балаға мейірімді болыңыздар, ағайын! Жылы сөздеріңізді аямай, жылы қабақ танытыңыздар жаутаңкөз тағдырларға!